Қазақ елінің ардақтап асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғат мейрамы бұл – Наурыз. Тарихи тамыры тереңге бойлаған Әз Наурыз дана халқымызда қашанда елдіктің, берекелі бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы болып саналады. Наурыз – жаңа күн, жыл басы.
Осындай үміттер мен сенімдердің бастауы болар, өткен жылғы жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құратын, өрлеу жолындағы жаңа бастамаларды ойластыратын, ізгі тілек айтатын ұлыстың ұлы күнгі мейрамында мектеп ұжымы, ата-аналары мен оқушылары бас қосты.
Бүгін, халық дәулет дарып, бақ қонсын деген сеніммен күтетін Қыдыр бабаның ақ батасын алып, қазақ салт дәстүрлері жаңғыртылды. Атап айтқанда тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретті күш саналған отпен аластау рәсімі жасалып, шарапаты мол 7 күлше таратылды. «Бір тал кессең – он тал ек» деген қағидасы бойынша мектеп ауласына жас көшеттер отырғызылды.
Өтіп бара жатқан жыл біздің мектебіміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды. Бүгінгі шара барысында жетістікке жеткен оқушылар, жетекшілері мен ата-аналары марапатталып. Мектеп өміріне белсене араласып, жауапкершілік танытқан ата-аналар мектеп директорының құттықтау хатын алды.
Наурыз сіздің де шаңырағыңызға бақыт, береке мен құт әкелсін!
Көктем лебімен бірге келген мерекеңіз құтты болсын!
{gallery}-22/6{/gallery}



