2022 жыл 20 желтоқсан күні мектебімізде «ҒЫЛЫМ. ІЗДЕНІС. НӘТИЖЕ» тақырыбында форсайт-сессия отырысы өткізілді. Мектеп президенті Қадырбай Аружан қонақтарды қарсы алды. Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы қатысып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Аскаров Сырым Құрманғазыұлы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Елеусинов Бауыржан Тәжімағанбетұлы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Әбілтайқызы шараға арнайы шақырылды.
Мектеп жұмысы 3 бағытқа бөліп көрсетілді.
- Оқу-әдістемелік,
- Тәрбие-қоғамдық жұмыстар
- Ғылыми-ізденіс бағытындағы жұмыстар.
Аталмыш шара «Green Study» жылыжай орталығында және «Метеорология алаңындағы» тәжірибелік_зертханалық_жұмыспен басталды. Мектеп оқушылары жылыжайда және метеорологиялық алаңда сабақ өтіп, зертханалық жұмыс жасады.
Шараның екінші бағыты тәрбие-қоғамдық жұмыстар. Мектепте қолайлы орта, жағымды ахуал туғызу мақсатында ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларымызға түрлі жағдай жасалған. Бұның дәлелі ретінде келген қонақтарға оқушылардың қолынан шыққан заттардан көрме ұйымдастырылды. Мектебіміздің басты ерекшелігінің бірі ретінде тәрбие бағытындағы негізгі 20 жобадан бөлек жүйелі әрі қарқынды жұмыс жасап келе жатырған 6 кіші мектепті атауға болады. Мектеп парламенті мүшелері қонақтарды кіші мектеп жұмыстарымен таныстырып, оқушы үшін әлеуметтік тұрғыдан дамуға тигізер септігі жайлы баяндады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы жұмыстар да түрлі форматта өрбуде. Оқуға құштар оқушылар «Кел, оқиық!» айдарының 20 санын және «Қауырсын қанат» клубының 5 шығарылымын көрерменге жолдаса, мектеп оқушыларын кітап оқуға баулуда «OILAN» quiz ойындары жүргізіледі. Мұнда әр сынып параллелі бір айда бір кітап оқи отырып ойын арқылы қорытындылайды. Осы жұмыстардың нәтижесінде оқушылар оқыған әдеби шығармалары желісімен театрландырылған көріністер қоюға машықтанды. Бүгін мектеп театры мүшелері қонақтарға Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі желісімен қойылым ұсынды.
Ғылыми-ізденіс бағытындағы жұмыстар бойынша мектеп базасында орналасқан ғылыми бағдар беру шеберханасы өз жұмысын көрсетті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірге құрылған әлеуметтік-серіктестік келісім негізінде орталық өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Осы ретте университеттің профессор-оқытушылары Курманбаев Рахат Хамитович, Калиев Бакыт Калиевич, Балықбаева Гүлжан Төлепбергенқызы, Унгарбаева Гульшат Рамазановна, Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы, Телеубаев Талғат Рахымұлы, Ырза Бекзат Шәкімұратқызы, Бекетова Камар Назарбекқызы шараға қатысып, мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік орынбасарларына жетекшілік етіп, форсайт-сессиясын өткізді. Әр топ сессия тақырыптарына сай пікір білдіріп, өз жұмыстарын қорытындылады. Қатысушыларға,
- «Ғылыми бағдар беру жұмыстары: мәселелері және шешімдері»
- «Білім мен ғылымның заманауи даму тенденциялары» тақырыптары ұсынылды. Форсайт ережесіне сәйкес қатысушыларға пікірлесуге 40 минут уақыт берілді.
Спикерлер топта талқылап, нәтижелі ой білдірді. Ғылым жолындағы нақты проблемалар ұсынылып, шешімдерін табу жолдары қарастырылды.
Шара соңында мектеп директоры Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызы сөз сөйлеп, Қорқыт ата университетінің профессор-оқытушыларына және қатысушыларға алғысын жеткізді. Мұндай шаралар өткізу мектептің ғылыми-әдістемелік дамуына, оқушыларлың ғылыми-ізденіс жұмыстарымен үздіксіз айналысуына көп көмегін тигізетіні анық.
{gallery}/-69{/gallery}



