Балалар үшін жазғы демалысты көңілді өткізудің бір түрі - лагерьге бару. Бұл жай ғана демалыс орны емес, нағыз шытырман оқиғаларға толы қызықты мекен. Лагерьдегі жазғы демалыс жаңа достарға, спорттық жарыстарға және көңілді ойындарға толы болады. Сонымен қатар, лагерьде балалар өз бетінше әрекет жасауға икемделеді. Бұл өмірдің өзіндік мектебі, онда балалар жаңа қоғамға бейімделуге дағдыланады, қарым-қатынас жасауға үйренеді және белгілі бір тәжірибе жинақтайды.
Мектеп жанындағы "Балдәурен" лагері де өз достарына түрлі қызықтар ұсынуда. Бүгінгі күнді өрендер таңғы жаттығу, тәтті аспен бастап мектеп жылыжайы мен метеорология алаңындағы тәжірибелермен жалғастырды. Онда көкөністердің өсуі және пайдасымен танысып, ауа-райының өзгерістері жайында білді. Уақытты тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында зияткерлік ойындарға қатысып, тіпті өздерінің сүйікті кейіпкерлерін түрлі бояулармен әрледі. Балалардың саяхаты "Орта" балалар алаңында жалғасып түрлі үстел ойындарын ойнап, ән айтып, би де биледі.
Жаз қызығы - жақсы демалыс. Көңілді жаз мезгілінде балалар демалысы осылайша жақсы деңгейде ұйымдастырылуда!



