Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да өз жалғасын тапты. Бүгінгі өткен акцияның атап айтар бір ерекшелігі, бұл жолғы акция екі бөлімнен құралды. Жалпы «Мектепке жол» акциясының мақсаты жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады.
Акция барысында өз кезегінде мектеп тарапынан материалдық көмектен бөлек, атаулы көмек алу, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы бағыттарында әлеуметтік-психологиялық, құқықтық консультациялық-тренингтер жүргізілді. Тренинг барысында ата-аналық дағдыларды дамыту, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, тәрбие процесіндегі қиындықтарды пікірлесе отырып анықтап, ой түйіндеп, өмір жолында пайдалану бойынша ойлар айтылды. Ата-ана мен бала арасындағы байланыс, оны орнату мен нығайтуға ықпал ету бағытында Отбасын қолдау және Жастар денсаулық орталығы мамандары, өңірлік жұмыспен қамту карталарын таныстыру және олардың іске асырылуын түсіндіру, жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде «Мансап» орталығы мамандары және құқықтық бағытта мектептің қамқоршылық кеңес төрағасы Нұрлан Көбегенұлы сөз сөйледі.
Екінші бөлімді Облыстық мәслихат хатшысы, Қалалық «АMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Мұсаева Гұлшат Исақызы ашып, жас өрендерді келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. Акция барысында оқушыларға мектеп формалары, оқу құралдары үлестіріліп, демеушілік көмек көрсетілді. Бұл акция көптеген жеткіншекке шапағат нұрын себуде. Бұл бір реттік қана көмек емес, жыл бойы жалғасып отыратын үрдіс екені аталды. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болады деп сенім білдіреміз.
https://140sh-kzl.edu.kz/kz/zhanaly-tar/975-balany-mektepke-dayarlajy.html#sigProId11595bb87d



